Түркістанда үшем босанған екі ана перзентханадан шығарылды

Түркістанда екі бірдей ана үшем босанып, бүгін перзентханадан шығарылды. Бүр айдың ішінде екі үшемнің өмірге келуі облыс орталығында алғаш рет тіркеліп отыр.

Түркістан облыстық №3 перинаталдық орталықта босанған Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. 1-ші мамыр күні мерзімінен ерте босанған 27 жастағы келіншектің нәрестелері 1 820 гр, 1800 гр, 1730 гр болған. Дәрігерлер алғашқы кезде шараналардың жағдайы ауыр болғанын айтады. Оларды жасанды тыныстану аппаратына қосып, бір ай көлемінде денсаулықтарына ерекше күтім жасаған. Қазір жағдайлары жақсарып, салмақтары екі келіден асқан. Жасанды ұрықтандыру жолымен жүкті болған келіншек балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран қойыпты. Бұған дейін бір қызы бар отбасының перзенттері осылайша төрт балаға көбейді.

Ал, екінші үшемдерді босанған Сайера Туклиева 29 жаста. Бірлік ауылында тұратын келіншек 27 мамыр күні босанған. Кесарь тілігі арқылы екі қыз бен бір ұлды өмірге әкелген жас ананың үйінде тағы үш перзенті бар. Нәрестелері де айы күніне толып, бүгін өз үйлеріне жіберілді.

«Үшемдерге жүкті екенімді бесінші аптада білдім. Үй-ішімізбен қуандық. Бастапқы жүктілік кезінде біраз қиналған кездерім болды. Бірақ ерекше күтім жасап, дәрігерлердің айтқанын тыңдадым. Перзенттерімді аман-есен босанып алдым. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді, бізге жақсы ем-дом жасап, жақсы қарады. Есімдерін Фатима, Исмайл, Зухра деп қойдық. Осылайша өмірге үш перзент әкеліп, батыр ана атандым. Алла тағалама осындай перзенттер бергені үшін ризамын»,- дейді Сайера Туклиева.

Бүгін қос ана мен нәрестелеріне облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды. Әр нәрестеге араба мен керуеттер, киім-кешектер мен ойыншықтар табыстады. Өз кезегінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев сәбилердің алдағы уақытта да ерекше күтімге алынатынын айтады.

«Қазіргі таңда нәрестелердің барлығының жағдайы жақсы. Бастапқы кезде салмақтары аздау болғандықтан, оларды дәрігерлер қарауларына алды. Медициналық күтім жасап, бүгін үйлеріне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына медибике бөлінетін болады. Осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз»,-деді Мұқан Егізбаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қаласында, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта босанған.