ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНЕ  ДАЙЫНДЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2019 жылдың 21 тамызында Түркістан облысында  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісовтың, «Әлеуметтік   медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филилалының директоры Асхат Бейсенбаев пен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге байланысты өңірлік штаб отырысы өтті.

Штаб жұмысы барысында маңызды әрі ауқымды мәселелер қаралды. Соның ішінде медициналық қызметтерді сатып алуды цифрлық жүйеге көшіру және халықпен кері байланыс орнату шаралары бар. Денсаулық сақтау реформасын жүзеге асыру жұмыстары аяқталып келеді, сондықтан, халықты ақпараттандыру жұмыстары күн тәртібінде тұрған негізгі мәселеге айналып отыр.

Биыл Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырысты 74 медицина ұйымдары атсалысып жатыр. Оның ішінде, 40-ы мемлекеттік, 34-і жеке меншік клиникалар. Жеке меншік клиникалар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Сонымен қатар, стационарлық көмек, емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жеке меншік саланың үлесі басым. Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысында 2019 жылы қосымша 126 учаске ашу жоспарлануда. Бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында медициналық қызметтерді сатып алуды цифрлық жүйеге көшіру, халықпен кері байланыс орнату және ақпараттандыру жұмыстары бойынша мәлімет берілді.
Алдағы уақытта МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты сақтандыру, медициналық көмек көрсету мәселелеріне қатысты сұрақтар көбейеді деген  болжам бар. Осыған байланысты Қор кері байланыс каналдарын күшейтіп, 1 желтоқсаннан бастап өзінің call-орталығын іске қосады. Яғни, 1406 нөмірі арқылы:

медициналық көмек мәселелері, жарна төлеу жолдары, төленетін жарна көлемі мен өсімпұлдар туралы толық мәлімет беріледі;  

халықтың шағымдары мен өтініштері қаралады;

халықтың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі бағаланады.

Биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында, ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан Қордың барлық филиалдарында азаматтарды қабылдауға арналған стационарлық кабинеттер ашылады. Олар call-орталықтарының баламасы ретінде жұмыс істейді. Өзге елдердегі сақтандыру қорларының тәжірибесі негізінде шағымдарды басқару жүйесін құру көзделіп отыр.