Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығы орасан

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облысы бойынша филиал басшысы Асхат Бейсенбаев бұл жолы Түлкібас ауданының халқымен кездесті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аудандағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-лицейінің және аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымы мен орталық базарда жүрген тұрғындар арасында да түсіндірілді.

Кездесуде жұмыс істейтін барлық азаматтар медициналық сақтандырыла алатындығы айтылды. Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген тегін көмек. Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Алғаш сөз кезегін алған Мұқан Кеңесбекұлының пікірінше, жүйе жүзеге асқан соң медициналық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсарып, бәсекелестік артады, әр адам өзіне ұнаған дәрігерді немесе емхананы таңдау мүмкіндігіне ие болады.

Медициналық жүйе консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және оны алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтиды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыскердің табыс мөлшері қанша болса да толық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

«Ал, жұмысқа ресми түрде орналаспаған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша қызмет көрсетпейтін азаматтар дербес төлем жасаушылар санатына жатады, сондықтан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу үшін олар бірыңғай жиынтық төлем жасауы қажет»– деді, Асхат Бейсенбаев.

Түркістан облысы бойынша, биыл Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші медициналық ұйымдарға 72 млрд. теңге төленуде. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 9,1 % артық. Жалпы, медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген 74 медицина ұйымдарымен келісімшарт бекіткен болатын.

Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар бойынша біріңғай 1406 нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.

Түркістан облысы бойынша
Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі