Түркістандық дәрігерлер ұйқы безі ісігін жою операциясын жасаудың жаңа жолын меңгерді

Қаладағы орталық ауруханада алғашқы операция сәтті аяқталды. Түркістандық дәрігерлер әзірге ұйқы безіне операцияны еліміздің бас хирургы Болатбек Баймахановпен бірге жасап жатыр. Бұл жергілікті ақ халаттылар үшін шеберлік сабағы болмақ. Білікті маманның басшылығымен өңірде 4 операция жасалады.  Болатбек Баймаханов, Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирурия орталығының директоры жергілікті дәрігерлердің басын жиып, ауыр оталарды жасаудың қыр – сырымен бөлісті.

Мамандар Түркістан тұрғындарының ішкі ағза ауруларына жиі ұшырайтынын айтады. Оған майлы, зиян тағамдарды пайдалану басты себеп. Бұған дейін науқастар мұндай операцияны мегаполистерде жасатса, енді алысқа барып, уақыт жоғалтпайды.

Қалалық орталық аурухана мен хирургиялық зерттеу орталығы арасында келісім жасалды. Енді түркістандық дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп отырады. Жақын арада жергілікті хирургтарды тәжірибе алмасу үшін Алматыға жіберу жоспарланып отыр.